Теңіз кешенінде коронавирус жұқтырғандармен 1,5 мың жұмысшы байланыста болған

Автор: Azattyq Rýhy

Олардың бәрі дәрігерлер бақылауына алынды

Фото: ашық дереккөзден

Теңіз кенішінде коронавирусқа шалдыққандармен байланыста болған​ 1,5 мыңнан астам жұмысшы анықталды. Бұл науқаспен жақын қарым-қатынаста болғандар және байланыс жасағандар деп хабарлайды Атырау облысында төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі шұғыл штаб.

Еске сала кетелік, 16 сәуірден бастап Теңіз кенішінен шұғыл емес персоналдарды шығару басталған болатын. Тұтастай алғанда 17 000-нан астам жұмысшыны шығару жоспарланып отыр.​

«Олардың арасында 6 мыңнан астам жұмысшы – Атырау облысының,​ 2 мыңнан астамы – Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының,​ 6 жүзден астамы Маңғыстау облысының тұрғындары. Қалған қызметкерлер Қазақстанның өзге өңірлерінен келген мамандар», - деп нақтылады Шұғыл штаб.

Қазіргі уақытта Теңізден 10 мыңнан астам жұмысшы шығарылған. Оның ішінде​ 4 мыңға жуық​ жұмысшы – әуе жолымен,​ 3 мыңға жуық жұмысшы – темір жол қатынасымен,​ 3 мыңнан астам жұмысшы автобус көлігімен тасымалданды. Қалған жұмысшыларды шығару процесі​ 5 мамырда аяқталады​ деп күтілуде.

Бүгінгі таңда Теңіз кенішіндегі жұмысшылар арасында қауіпті дертке шалдыққандар саны 71 адамға жетті. 12 жұмысшы жазылып шықты.​ Теңіз кенішінде коронавирусқа шалдыққандармен байланыста болған​ 1,5 мыңнан астам жұмысшы анықталды. Оның ішінде 847 адам жақын қатынаста,​ 718 адам байланыста болған.