Абай облысындағы жол апаты: прокуратура өз қызметкерінің өлімін неге жасырып отыр
Қайғылы оқиға Астана күні болған

Осыдан он күн бұрын Абай облысы прокуратурасының қызметкерлері жол апатына түсіп, біреуі көз жұмды деген ақпарат тарады. Оқиғаның мән-жайын білу үшін Azattyq Rýhy Бас прокуратура мен Абай облысы прокуратурасына ресми сауал жолдаған болатын. Бір апта өтсе де, Бас прокуратурадан жауап жоқ, баспасөз қызметі телефон тұтқасын көтермейді. Ал облыстан мардымсыз болса да ресми жауап келді.
Жол апаты туралы ақпарат 9 шілде күні Egov.Press-тің телеграм арнасында жарияланды. Арнаның дереккөздері Абай облысы прокурорының орынбасары Руслан Алишев пен прокурордың аға көмекшісі Лаура Исмаилова жантүршігерлік жол апатына түскенін, салдарынан әйел қаза болғанын мәлімдеген. Infinity жеңіл автокөлігі мен DAF жүк көлігі соқтығысқан деген.
Абай облысының прокуратурасы біз жолдаған алты сұрақтың бірде-біріне тұщымды жауап бермеген. Бірақ жол апаты болғанын растаған. Тіпті абайсызда адам өлімі болғанын да мойындап отыр.
«Өзіңіз білетіндей, 06.07.2024 жылы Үржар ауданы Таскескен ауылының маңында жол-көлік оқиғасы орын алған. Қазіргі уақытта осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі (көлiк басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге мәліметтер жария етілмейді», - деген жауап жолдады Абай облысы прокурорының орынбасары Ермек Жақсыбаев.
Қылмыстық кодекстің 345-бабы шынымен де «Көлiк басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк пайдалану қағидаларын бұзуы» деп аталады. Ал осы баптың 3-бөлігінде «абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет» үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Осы бап бойынша белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейiн айыра отырып, 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаралған.
Абай облысының прокуратурасы жол апатына кім себепші болғанын, қызметкерінің өлімін неге жасырып отырғаны бізге түсініксіз.