Антикор жарты жылға қорытынды жасады
Мемлекеттің қолдауына мұқтаж азаматтарды әлеуметтік қорғау – мемлекеттік саясаттың негізгі бағытының бірі. Биыл әлеуметтік салада 95 жемқорлық қылмыс тіркеліп, 58 адам әшкереленді, 34 адам сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мәселен, Жетісу облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыстық Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің бөлім басшысына қатысты тергеуді аяқтады. Ол мүгедектікті ұзартқаны және тағайындағаны үшін 20-дан 50 мың теңгеге дейінгі мөлшерде пара алды деп күдіктелуде», - деп хабарлады Антикор.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жіберілді.
Сонымен қатар, 11 шілдеде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты елордалық медициналық орталықтың дәрігері Мәкішевке қатысты үкім шығарды.
«Ол науқастан жоспарлы хирургиялық операция жасағаны үшін 500 мың теңге сомасында заңсыз материалдық сыйақы алғаны үшін кінәлі деп танылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - делінген ақпаратта.