Алматыда екі Үндістан азаматы есірткіні жасырын қойып кетумен айналысқан

Автор: Azattyq Rýhy

Олар 24 және 26 жаста 

Фото: polisia.kz

Алматыда есірткіні жасырын қойып кетумен айналысқан шетелдік екі азамат ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері арнайы іс-шара барысында 24 және 26 жастағы екі Үндістан азаматын ұстады. Олар Прокофьев көшесіндегі үйлердің бірінің ауласында есірткіні жасырын қойып кетумен айналысқан.

«Сот-химиялық сараптама қорытындысы бойынша күдіктілерден тәркіленген орамдардың ішінде мефедрон есірткісі болған. Олар қылмыстарын мойындады. Қазіргі уақытта Алматыға шөпті жеткізу арнасы және оны өндірудің ықтимал жолдары анықталып жатыр. Ұсталғандар қамауға алынды. Есірткі сату дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Қуатбек Науатов.