Ауыл мектебінің оқушылары Қытайда өткен чемпионатта күміс жүлде жеңіп алды

Azattyq Rýhy

Чемпионатқа 238 команда қатысты

Ауыл мектебінің оқушылары Қытайда өткен чемпионатта күміс жүлде жеңіп алды
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Бейжіңде өткен First Lego League робототехника бойынша ұлттық чемпионат аяқталды. Үш күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 6-10 жас аралығындағы 238 команданың арасында күміс жүлдеге қол жеткізіп, екінші орынды иеленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Еліміздің намысын Жетісу облысының ауыл мектептерінің және Талдықорған қаласының бастауыш сынып оқушылары Нұрсұлтан Бексұлтанов, Нұрболат Әлинұр және Бақтыбай Жолбарысұлы қорғады. Жаттықтырушы – Албина Қожантай.

Оқушылар «Өнердегі инновация» тақырыбында LEGO-дан робототехника әзірлемелерін даярлап, фокустар көрсету бағдарламасы орнатылған интерактивті роботтар құрастырды.

Сондай-ақ дәл осы күні Алматы қаласының жас инженерлері Сиднейде First Lego League Challenge санатындағы Asia Pacific Open Championship чемпионатында беделді Motivate Award жүлдесін жеңіп алды. Қазақстан құрамасына жаттықтырушылар Тимур Мақажанов пен Русланның жетекшілігімен LEAS мектебінің оқушылары Аружан Мнайдар, Диас Мұратов, Кирилл Медведков, Валерий Протопопова, Никита Хагай, Әзиз Ермекқалиев, Даниэль Ким, Айдар Мұқашбаев және Әлішер Садыров кірді.

Естеріңізге сала кетейік, командалар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту Министрлігінің қолдауымен Central Asia FIRST Championship Орталық Азия чемпионаты барысында халықаралық чемпионатқа жолдама алған болатын.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.