Оның жолдасы осы театрдың режиссері
Шығыс Қазақстан облысында театр актрисасы Мақпал Елтай қойылым кезінде декорация сынып, биіктен құлап кеткен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Актрисаның өзі бұл театрда болған бірінші оқиға емес екенін айтып отыр.
«Бүгін дәл осылай спектакль үстінде көрермен көзінше құладым. Белімнен, денемнен бұрын жүрегімнің ауырып тұрғанынан бөлек, спектакль көріп отырған директорымыз Руслан Қайырсыновтан қайыр болмағаны», - деп жазды ол.
Актерлардың өзі ортақ чатта театрға үнемі қаражат жетпей, жағдайлары жасалмай жатқанын айтып, шағымданып жатыр.
«Біресе штанкет, біресе декорация құлайды. Ананы сұрасаң «жоқ» дейді. Мынаны сұрасаң, істемейді дейді. Бірдеңе сұрасаң, ақша жоқ дейді. Жедел жәрдемді күтпей, көлік жібер десең, жанармай бітіп қалды дейді», - деп отыр театр актерлары.
Ал биіктен құлап кеткен актриса Мақпал Елтай үш баланың анасы.
«Мен жас емеспін, 3 баланың анасымын. Қойылымда құлап түскенімді көрген директор орнынан тапжылмады. Құлаған соң сахнадан шығып кеттім, артымнан келіп жағдайымды сұраса болар еді. Ол - біздің басшы, жағдайымызды жасауы керек адам. Басқа спектакльдерді емес, дәл осы спектакльге шарабын, вискиін алып келіп көреді. Күйеуім де осы театрда режиссер болып істейді. Спектакльді қою үшін де жағдай жасалуы керек», - дейді ол.
Айта кетейік, Руслан Қайырсынов Шығыс Қазақстан облысы драма театрының директоры. Редакция осы мәселеге қатысты театрға хабарласып, комментарий сұрайды.