Қарағанды облысынан сақтардың қаруы табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Б.з.д. III–II ғасырлардағы қанжар, сақ дәуірінен ғұн-сармат кезеңіне өту уақытына жатады

Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Археологтар Қарағанды облысынан сақ кезеңіне жататын темір қанжар тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жаздан бері қызу жүргізіліп жатқан археологтардың жұмысының нәтижесінде темір қанжар мен түрлі рәсімдерге арналған ыдыстар табылды.  

«Бұл - таңқаларлық дүние. Себебі, темір топырақ астында қалып қойса, дұрыс сақталмайды. Бұл жерде жағдай оңтайлы болған сияқты. Бұл қанжар – скиф-сақ триадасына кіретін пышақ қаруы. Біздің дәуірімізге дейінгі III–II ғасырлардағы қанжар, сақ дәуірінен ғұн-сармат кезеңіне өту уақытына жатады. Ақинақтың ыңғайлы тұтқасы, түзу крест, қисық шыңы және қан ағызатын ойығы бар», — деді «Археологиялық зерттеулер» ЖШС директоры Ерлан Әміров.

Ерлан Әміровтың сөзінше, қорғандарды зерттеу түрлі рәсімдердің қалай өткенін және халықтың тұрмыстық жағдайын, әлеуметтік теңсіздіктерді бағамдауға мол мүмкіндік береді. Мысалы, аумағы өте үлкен қорғандармен қоса орташа және шағын қорғандар да табылды. Археологтар марқұмның қаншалықты бай болғанына қарай, мәртебесіне қарай қорғандары биік әрі көлемді болады деп болжап отыр.

 

«Талдыда ғұн, сармат дәуірінің ескерткіштері (б.з.д. III ғасырдан б.з.д. III ғасырға дейін) ежелгі сақ қорғандарына байланысты есептейміз. Біз бұл гипотезаны қазба жұмыстары барысында анықтаймыз. Қосалқы қорғандарда жерлеу сирек кездеседі. Біз қола қазандық пен темір найза ұшын таптық», — деді Ерлан Әміров.