Шымкенттегі мектептер балалар демалысы үшін 78 млн теңге артық төлеуге тырысқан

Автор: Azattyq Rýhy

Заң бұзушылықты еріктілер анықтаған 

Фото: istockphoto.com

Жемқорлыққа қарсы еріктілер 7 млрд теңгеден астам қаражаттың негізсіз жұмсалуының алдын алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өткен жылдың тамыз айында іске қосылған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы өз қатарына 2,7 мыңнан астам белсендіні біріктірді.

«Олардың күш-жігерінің арқасында 7 млрд теңгеден астам сомаға тауарлар мен қызметтерге бағаны көтеру тәуекелдеріне жол берілмеді.

Мысалы, жемқорлыққа қарсы еріктілер Орал қаласының әкімдігінің 45 млн теңге сомасына бейнеконференцбайланыс жабдығын сатып алуын тоқтатты, себебі ұқсас жабдықтың нарықтық құны шамамен 4 млн теңгені құрайды», - деп хабарлады Антикор.

Шымкент қаласының еріктілері болса, білім басқармасымен және бірнеше мектептермен жетім балаларға арналған жазғы демалысты ұйымдастыру бойынша сатып алуды қайталау фактісін анықтады. Уақытылы ден қою нәтижесінде бюджет қаражатының 78 млн теңге сомасында тиімсіз жұмсалуына жол берілмеді.

«Түркістан қаласында еріктілер жылу энергиясын есептеу кезінде тарифтерді негізсіз көтеру фактісін анықтап, 32 көпқабатты тұрғын үйдің 2 мыңнан астам тұрғыны үшін шамамен 13 млн теңгеге қайта есептеу жүргізілді», - делінген хабарламада.

Елордада еріктілер «Жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы бойынша берілген 30 пәтерді тексерді. Тексеру нәтижелері бойынша мердігерлер радиаторлар мен электр розеткаларының болмауы, сондай-ақ аяқталмаған құрылыс-монтаж жұмыстары және басқа да ақаулар сияқты көптеген кемшіліктерді жойды.