Қостанайда виртуалды нөмірлерді алып-сатқан алаяқ ұсталды
Ол бұл әрекеті үшін 40 тәулікке қамалуы мүмкін
Қостанайда виртуалды нөмір сатқан ер адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қостанайлық тұрғын 300-350 теңгеден Sim-карталарды көтерме бағада сатып алып, олар simbox арқылы іске қосылғаннан кейін бірнеше рет интернетте қайта сатып отырған. Ол абоненттік нөмірлерді сату сайттының бірінде сатушы ретінде тіркелгені және осы нөмірлерді пайдалану құқығын ақшалай сыйақы үшін әкімшіге бергені анықталды.
«40 жастағы қостанайлық simbox көмегімен абоненттік нөмірлерді қосумен айналысқан. Бұл құрылғы қаскөйлердің өздерінің қылмыстық схемаларында қолдана алатын SIM-карталарын виртуалды тіркеуге арналған. Оған бір мезетте 64 Sim-картаны қоюға және оларды виртуалды нөмірлерді сататын әртүрлі интернет-сайттарда қосуға болады.
Мысалы, алынған бокстың бірінен абоненттік нөмір бойынша сәйкестік анықталды. Оған алаяқтар WhatsApp-ты тіркеп, өздерін мемлекеттік қызметші ретінде таныстыра отырып, одан әрі адамдарға қоңырау шалған», - деп түсіндірді Cyberpol бөлімшесінің бастығы Олжас Магыпаров.
Алып-сатардан 9 құрылғы, 3 ноутбук және 1500 Sim-карта тәркіленді.
Қазіргі уақытта қозғалған іс шеңберінде абоненттік құрылғының сәйкестендіру кодын өзгерту үшін бағдарламаларды заңсыз құру, пайдалану, тарату фактісі тексеріліп жатыр. Бұл құқық бұзушылық үшін жарты миллион теңгеден астам ірі айыппұл немесе қырық тәулікке дейін қамауға алу көзделген.