Желіде алматылық мектеп түлектерінің жолдағы заң бұзушылықтарының видеосы тарады

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл факт бойынша тексеру амалдары қолға алынды

Фото: zakon.kz

Әлеуметтік желіде бір топ жастың бес-алты автокөлікпен Алматы жолдарында ары-бері ойқастаған видеосы тарады. Жастар жол ережелерін жаппай өрескел бұзған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Видеодан олардың бастарын көлік терезелерінен шығарып алғанын көруге болады. Куәгерлердің айтуынша, олар «жолды жауып, тәртіпсіздік жасаған». Желі қолданушылары жастардың бұл әрекетін қатаң айыптауда.

«Бұл факт бойынша тексеру амалдары қолға алынды. Жол қозғалысы ережелерін бұзушылар міндетті түрде жауапқа тартылады. Оларға ҚР заңнамасына сәйкес шаралар қабылданатын болады», - деп мәлім етті Алматы қаласы ПД баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, полицейлер жолдардағы мұндай қылық рұқсат етілмейтінін және қозғалыстың басқа қатысушыларына нақты қауіп төндіретінін еске салады.

«Мұндай фактілердің жолын кесетін боламыз. Біз ата-аналарды мектепті бітірген кезде балаларының тәртібін жіті бақылауға алуға шақырамыз», - делінген хабарламада.