Алматыда заңсыз салынып жатқан көпқабатты үйді бұзу басталды

Автор: Azattyq Rýhy

Қала бойынша 36 заңсыз нысан толығымен және ішінара бұзылған

Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Алматыда сот шешімімен ірі құрылыс нысанын бұзу жұмыстары басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қала құрылысын бақылау басқармасы Достық даңғылы, 170/1 мекенжайында орналасқан ғимарат толық сүрілетінін хабарлады.

«Аталған учаскедегі құрылысты меншік иесі осыдан 19 жыл бұрын бастаған. Алайда түрлі себептерге байланысты салынбай қалды. Кейін учаске өзге меншік иесіне беріліп, ол қолында келісілген эскиздік жоба, құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау туралы хабарлама, авторлық және техникалық қадағалау болмаса да құрылысты жалғастырған әрі аумақта заңсыз сауда нысандарын тұрғызған», - делінген ақпаратта.

Осыған байланысты басқарма Медеу аудандық сотына ғимаратты бұзу туралы талап арыз түсірді. Сот оны қанағаттандырды.

Жалпы, қала бойынша 36 заңсыз нысан толығымен және ішінара бұзылған. Оның ішінде бизнес-орталықтар, мейрамханалар, толықтырулар мен автосервистер, «Мечта» және KHAN сияқты ірі тұрғын үй кешендері бар.