СҚО полицейлері ортақ «портрет» арқылы күдіктінің ізіне түскен
СҚО-да полицейлер аса ірі көлемде есірткі сатқан күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
СҚО аудандарының бірінде тұратын 24 жастағы тұрғын еш жерде жұмыс істемей, екі ай бойы Петропавлдағы жалдамалы пәтерде тұрып келген. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде қала көшелеріне кезекті рет серуенге шыққаннан кейін ол синтетикалық есірткі сатты деген күдікпен ұсталды.
Одан түрлі-түсті ұнтақ тәрізді зат салынған 8 түйіншек тәркіленді. Бұдан кейін жас жігіт өзінің жүрген жерлерін тәртіп сақшыларына көрсетуге мәжбүр болды. Осылайша полицейлер есірткі жасырылған 29 орынды анықтады.
«Сараптама көрсеткендей, алынған заттар жалпы салмағы 37 грамм болатын мефедрон және α-PvP синтетикалық есірткілері екені анықталды. Жедел уәкілдер жігітті ақпан айында ұстады. Қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдары сотқа жіберілді. ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігіне сәйкес, аса ірі мөлшерде есірткі өткізгені, электрондық ақпараттық ресурстарды пайдаланғаны үшін күдікті 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», — дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Руслан Үмбетов.
Айта кетерлігі, жас, интернетте көпшіл, жұмыс істегенді ұнатпайтын, жеңіл ақша туралы армандайтын, құқықтық сауаттылық, мәдениет және әлеуметтік жауапкершілік деңгейі төмен тұрғын – қазіргі есірткі сатушының орташа «портреті». 24 жастағы тұрғын дәл осы параметрлерге сай болғандықтан, күдік ұялатты, дейді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы.