Астанада ойын-сауық орталығында сырт киім ұрланды

Автор: Azattyq Rýhy

Күртенің құны 150 мың теңге тұрады

Фото: istockphoto.com

Астана қаласының полицейлері елорда тұрғынының сырт киімін ұрлап кеткен күдіктіні жылдам қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полицияға қала тұрғыны жүгініп, сол жақ жағалаудағы сауда ойын-сауық орталығында белгісіз біреу оның күртесін ұрлап кеткені туралы арызданған. Астана қаласы ПД криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде ұрлық жасады деген күдікпен 22 жастағы қала тұрғынын «ізін суытпай» анықтады.

«Белгілі болғаны қыз күндізгі уақытта сауда ойын-сауық орталығына келген. Ілініп тұрған әйелдер күртесіне көзі түскен қаскүнем қолайлы сәтті пайдаланып, алдымен оның әрекетін байқайтын куәгерлердің бар-жоғын тексеріп, содан кейін құны 150 мың теңге тұратын күртені жасырын алып, кетіп қалған», - деп хабарлайды ПД.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, қыздың елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі.