Жалын 280 шаршы метр аумақты шарпыды
Атырауда мейрамхананың шатыры өртенді. Бұл туралы Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ТЖД мәліметінше, мейрамханадағы өрт туралы 30 мамырда сағат 21:15-те хабар берілген.
«Атырау қаласында Ш.Уәлиханов көшесіндегі екі қабатты мейрамхана өртенді. Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері жеткен кезде екі қабатты көпфункционалды кешеннің жанып жатқаны анықталды. Мейрамхананың жалпы аумағы – 2750 шаршы метр. Өрттің салдарынан ғимараттың 25 шаршы метр шатыры опырылып түсті», - делінген хабарламада.
Өрт сағат 22:30-да оқшауланып, 10 минуттан соң толық сөндірілді. Жалынды сөндіруге 58 адам, 13 бірлік техника жұмылдырылды.
«Көпфункционалды кешендегі өрт 280 шаршы метр аумақта толығымен жойылды. Зардап шеккендер жоқ, өрттің себебі анықталуда», - деп хабарлады облыстық ТЖД.