Пышақтап өлтіріп, өртеген: Алматы облысының тұрғыны өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Автор: Azattyq Rýhy

14 қыркүйекте 42 жастағы әйел мен оның 13 және 8 жастағы балаларының денесін табылды

Фото: © Alexandr Makarov / shutterstock.com

Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әйелді және оның екі баласын өлтірді, қылмысты жасыру үшін үйін қасақана өртеп жіберді және мүлікті ұрлады деген айып тағылған ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сотта анықталғандай, ер адам мас болып, бірге тұратын әйел мен оның кәмелетке толмаған екі баласын пышақтап өлтірген. Содан кейін үйдің есігін сыртынан құлыптап, қашып кеткен. Бір күннен кейін ол қылмыс орнына қайта барып, жәбірленушінің 40 мың теңгесін ұрлап, кісі өлтіру ізін жасыру үшін олардың үйін өртеп жіберген. 

«Сотталушының кінәсі іс материалдарымен, куәлардың айғақтарымен, сарапшылардың қорытындыларымен және сотта расталған және зерттелген басқа да дәлелдемелермен толық дәлелденген. Сот оны тағылған іс-әрекеттерді жасағаны үшін кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», – делінген сот хабарламасында.

Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, 14 қыркүйекте Алматы облысында өрт сөндірушілер 42 жастағы әйел мен оның 13 және 8 жастағы балаларының денесін анықтады.