«Оныкі адамдыққа жата ма?»: ақын Мұнайдар Балмолда Төреғали Төрәліні сотқа бере ме

Автор: Темірхан Айжан

Төреғали Төреәлі ақынның ескертуіне еш жауап қатпаған 

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Әнші Төреғали Төреәлі ақын Мұнайдар Балмолда мен композитор Алтынбек Каресовтің әнін ұрлап, сөзін өзгертіп, шырқап жүр. Бұл туралы ақын Facebook парақшасында жазған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Айтуынша, Төреғали Төреәліге ескерту жасаса да, әнші құлағына ілмеген. Тіпті YouTube арнасы мен желідегі парақшасына жүктеп қойған.

«Бұл әнші жігіт Алтынбекке хабарласып, осы әнді сұрапты. Алтынбек өзінің келісетінін, бірақ Мұнайдар ағамнан рұқсат сұраңыз деген екен. Ал Төреғали мені адам екен демеген, ағам екен демеген, өзім білемге салыпты. Ал осы істегені дұрыс па? Менен сұраған да жоқ, мен рұқсат бермейтін де едім. Сөзін өзгертпей айтса, онда ойланатын едім. Ол менің сөзімді жоқ қылған ғой», - дейді Мұнайдар Балмолда.

Ақын көпшіліктен кеңес сұрады.

«Сіздермен ақылдасайын деп едім, Төреғалиды сотқа берейін бе, жоқ па? Оныкі адамдыққа жата ма? Біраздан бері айтылып, тіпті бейнебаян да түсірілген әнді бұлай иемденіп алуына жол беріп қойып отыра берейін бе? Өзім соттасуды жақтырмайтын адаммын... Бірақ, ол әніме шабуыл жасап отыр. Еш ұялмай, қысылмай. Төреғали біздің «Қазақтың жылқылары» деген әнді  «Мұғалжар жылқылары» деп өзгертіп алып, бір аумақтың, шаруа қожалықтың әнін шығарып алған. «Ұлы даланың баласымын» деп кеудесін көтеруші еді, қайда сонысы? Ұлы даланың жылқыларына арнаған әнді жоқ қылып, оның орнына бір ғана тұқымды мақтаған, ақша үшін жазылған дүниесін күйттегені ұлтты қорлағандай болды», - деп жазды әннің авторы.