Заң бұзу фактілерін облыс прокуратурасы анықтаған
Ұлытау облысының прокуратурасы жыл басынан бері жалпы сомасы 3,7 млрд теңгені құрайтын 12 мемлекеттік сатып алудың күшін жойды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Талдау нәтижелері көрсеткендей, жергілікті атқарушы органдар конкурстарды жариялау кезінде тиісті сараптамалар жүргізбеген, жобалық-сметалық құжаттамалар болмаған.
«Мысалы, Жезқазған қаласының Экономика және қаржы бөлімі 1,9 млрд теңгеге автомобиль жолдарын күтіп ұстауға мемлекеттік сатып алу жариялаған. Бұл ретте тапсырыс беруші конкурстық құжаттамада заңда көзделмеген біліктілік талаптарын негізсіз қойған (мемлекеттік сатып алу нысанасына кірмейтін заңнаманы сақтау бөлігінде). Сонымен қатар тапсырыс беруші бюджет заңнамасының талаптарын бұзып, 3 жыл мерзімге қала жолдарын күтіп ұстау туралы келісімшарт жасасуды жоспарлаған. Алайда, мұндай жұмыстар мерзімі биылғы жылдан асатын шарттар тізіміне кірмейді», - делінген ақпаратта.
Басқа жағдайда, Ұлытау облысы Денсаулық сақтау басқармасының Облыстық психикалық денсаулық орталығы науқастарды тамақтандыру қызметін сатып алу кезінде қаржыны 17,2 млн теңгеге негізсіз өсірген.
Прокурорлардың наразылығымен заңсыз мемлекеттік сатып алулар жойылып, 9 лауазымды тұлға тәртіптік, 17-сі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.