Риддердегі жалғыз қазақ мектебінің құрылысы әлі басталмаған

Автор: Темірхан Айжан

Қазіргі уақытта Риддерде 12 орыс мектебі бар 

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы 16 мектептің біреуі – жалғыз қазақ мектебі, ескі «Шаңырақ» мектебінің құрылысы әлі басталмаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Білім ордасының оқушылары 2023-2024 оқу жылының 1 қыркүйегінен бастап «№11 жалпы орта білім беретін  мектептің» ғимаратында  оқыған. «Шаңырақ» көпсалалы мектеп-гимназиясында 0-ден 11- сыныпқа дейін оқитын 488 оқушы бар. Олардың бәрі бір ауысымда оқиды.

«Қазіргі уақытта құрылыс үшін жер учаскесі ресімделіп, жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Осы рәсімдер аяқталғаннан кейін Құрылыс - монтаждау жұмыстарының мердігері айқындалады», - деп жауап берді Риддер қаласының білім бөлімінен.

Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың 4 тоқсанында басталмақ. Тапсырыс беруші – «Қазмырыш» ЖШС.

Еске салсақ, 2023 жылы мектеп оқушыларының ата-аналары білім ошағының апатты жағдайда тұрғанын айтып, дау көтерген. Содан кейін қала әкімдігі «Шаңырақ» мектебіне жөндеу жұмыстарының қажеттігіне байланысты оқушылардың басқа ғимаратқа уақытша көшірілгенін хабарлаған.

Бұған дейін жазғанымыздай, Шығыс Қазақстан облысының ірі қалаларының бірі Өскеменде 12 қазақ, 16 орыс мектебі болса, Риддер қаласында 12 орыс 1 ғана қазақ мектебі бар.