«Маған қызмет көрсетуден бас тартты»: «Отбасы банк» мүмкіндігі шектеулі жандарды алалай ма

Автор: Аягөз Құрмаш

Оқиға банктің Алматыдағы филиалында болған

Фотоколлаж: Azattyq Ruhy/Әбілқасым Есентаев

«Отбасы банкі» мүмкіндігі шектеулі адамнан заң бойынша қарастырылмаған құжат талап еткен. Бұл туралы зағип адам Айтбек Ауылбаев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Мен қазір Алматыдағы Жетісу ауданындағы «Отбасы банкінде» тұрмын. Маған қызмет көрсетуден бас тартып отыр. Менің көзім көрмегендіктен, заң бойынша қарастырылмаған анықтаманы талап етіп отыр. Көзі көрмейтін бірлестіктен анықтама алып келуім керек екен. Ал олардың саны өте көп. Сонда менің аяғым болмаса, жүгіруді жақсы көретін бірлестіктен анықтама әкелуім керек пе?», - дейді Айтбек Ауылбаев.

Мәселенің мән-жайын анықтау үшін Azattyq Ruhy тілшісі «Отбасы банктің» баспасөз қызметіне хабарласты.

2024 жылғы 21 мамырда банк бөлімшесіне Айтбек Ауылбаев жүгінген. Оған депозиттік операция жүргізу қажет болған.

«Егер клиенттің денсаулығына байланысты құжаттарға өз бетінше қол қою мүмкіндігі болмаса, банк шешімнің бірнеше нұсқасын ұсынады. Нотариуста операцияларды жүргізу үшін қажетті барлық өтінішті куәландыру қажет. Оның орнына құжатқа қол қоя алатын қол қоюшыны әкелу керек. Ол үшін қол қоюшы зағиптар қоғамы берген анықтаманы ұсынуы керек, ол клиенттің орнына құжаттарға қол қою өкілеттігін растайды. Қажетті өкілеттіктері бар басқа адамға сенімхат әкелінуі тиіс», - дейді банктің баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл шаралар, ең алдымен, клиенттің өзін қорғау және зағип адам мүлдем басқа құжатқа қол қоюы жағдайын болдырмау үшін қажет.