Біреулер намаз оқып жатса, біреулер төбелесіп жатыр: Шымкент мешітінен тағы да шу шықты (ВИДЕО)

Автор: Аягөз Құрмаш

Бұл мешітте болып жатқан екінші оқиға

фото: видеодан скриншот

Мешітте жамағат намаз оқып жатқан сәтте белгісіз адамдар дау тудырып, намаздың оқылу әдісіне қатысты наразылық білдірген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Әлеуметтік желіде тараған видеоға қарасақ, оқиға Шымкент қаласының мешітіне саяды. Бір топ азамат намаз оқып жатқан кезде екі адам наразылық тудырып, намаздың оқылу әдісіне арызданып тұр.

«Мұсылман мешіті, Әбу-Ханифа бойынша оқылады», - дейді кадр сыртындағы дауыс.

Ал видеоға түсіруге наразы азаматтар камераны ұрып, бейәдеп сөздер айтады.

Осыған дейін Шымкенттің осы мешітінде төбелес болған еді. ҚМДБ оқиғаның 2024 жылдың 12 мамырында кешкі ақшам намазы уақытында болғанын хабарлаған болатын.

Ол кезде өзге өңірден Шымкент қаласына келген бір топ азамат мешіт имамының ескертуіне қарамастан бірнеше рет жамағат намазын бұзған. Өзге мәзһабта намаз оқыған олар жамағат пен имамның өтінішіне құлақ аспай, мешіт ережесін өрескел бұзған. Намаз кезінде «әмин» дұғасын қатты дауыспен айтқан жандардың әрекетіне төзбеген мешітке тұрақты келуші бір азамат олардың біріне қол жұмсаған. Нәтижесінде имам жамағат намазын тоқтатуға мәжбүр болған.