Қыдырәлі Болманов 19 мамырды 50 жасқа толды
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева танымал продюсер, әнші Қыдырәлі Болмановтың үйіне барып, туған күнімен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл туралы әншінің жары Қарақат Әбілдина Instagram әлеуметтік желісінде жариялаған. Министр Балаева туған күн иесіне Президент Тоқаевтың жолдаған құттықтау хатын үйдің дәлізінде тұрып оқып берді.
«Құрметті Қыдырәлі Нұртайұлы, сізді мерейтойыңызбен құттықтаймын. Замандастарыңыз өзіңізді халыққа танымал мәдениет қайраткері ретінде жақсы біледі, құрметтейді. Өнер әлемінде биік белестерді бағындырып, отандық және халықаралық байқаулардың лауреаты атанып, еліміздің мерейін асыра түстіңіз. Бірнеше музыкалық топтың негізін қалап, шебер ұйымдастырушылық қабілетіңізді таныта білдіңіз. Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық, пен бақ-береке тілеймін»,-делінген хатта.
Болманов министрдің өзі келіп құттықтағанына таңданысын жасырмады.
«Министрлер қауымы келіп құттықтайды деген қиял-ғажайып әлем еді»,- деді продюсер.
«Ілияс Жансүгіровтың «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, Ел тегі алсын қайдан кемеңгерді?» дейтініндей, ел жүрек, ер жүрек өнер адамын, талантты азаматын сыйлаған үкіметімізге, мемлекет басшысына отбасымыздың атынан айрықша алғыс айтамыз»,-деп жазды Қарақат Әбілдина.