«Қайтыс болу себебі – коронавирус»: Жалған ақпарат таратқан қыз жауапқа тартылды

Автор: Azattyq Rýhy

Петропавл қаласының тұрғыны жалған ақпаратты көп адамның назарын аударту үшін таратқан 

Фото: pixabay.com

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында 17 жасар қала тұрғынының Instagram желісіндегі аккаунтынан «Полицейлер қайтыс болған зейнеткердің туыстарына ақша ұсынады» деген пост тапты. Бұл туралы СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бойжеткеннің жазбасында «Зейнеткердің қайтыс болудың себебін коронавирустық инфекция деп көрсету үшін туыстарына 100 мың теңге ұсынылды» делінген.

Жедел уәкілдер бұл ойдан шығарылған ақпаратты Петропавл қаласының тұрғыны өз парақшасына көп адамның назарын аударту үшін орналастырғанын анықтады. Полиция департаменті қызметкерлері түсіндіру жұмысын жүргізгеннен кейін, қыз тез арада парақшасындағы жалған ақпаратты жойды.

Профилактикалық жұмысқа ювеналдық полиция қызметкерлері де қосылды.

«Кәмелетке толмаған қала тұрғынымен профилактикалық әңгімелесу жүргізілді, ал оның анасына қатысты ҚР ӘҚтК «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және оған білім беру жөніндегі міндеттерді орындамау 127-бабы бойынша материал жиналды», - деді Петропавл қаласының ПБ ювеналдық полиция бөлімінің бастығы Эльмира Абушева.

Полицейлер жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

Сонымен қатар, төтенше жағдай кезінде құқықтық тәртіпті бұзуға итермелейтін әрекеттер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 478-бабы бойынша 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не 30 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға негіз болады.