Атырау облысының Индербор кентінде 700 абонентке су беру уақытша тоқтатылды

Автор: Azattyq Rýhy

Кентте 4500 абонент бар

Фото: ТЖМ

Атырау облысының Индербор кентінде су тазарту қондырғысының құбыры үзілді. Соның салдарынан екі шағын аудандағы 700 абонентке су беру уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Индер ауданының әкімі Дарын Шамұратовтың мәліметінше, су беруді уақытша тоқтату туралы бүгін сағат 13:50-де шешім қабылданған.

«Индербор кентінде тәулігіне 2400 текше метр су тазартатын қондырғының бірінші көтерілім құбыры ағаш салындыларының кедергісінен үзілді. Кентте 4500 абонент бар. Оның ішінде «Болашақ» және «Шығыс» шағын аудандарындағы 700 абонентте ауыз су беру уақытша тоқтатылды. Қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Су екінші су тазарту қондырғысымен де берілуде. Дегенмен, бұл кентті толық қамти алмайды. Жөндеу жұмысы түнгі 24:00-ге дейін аяқталады», - деп хабарлады Дарын Шамұратов.