Ол 7 мемлекеттің аумағын кесіп өтпек
64 жастағы маңғыстаулық зейнеткер Париж Олимпиадасына велосипедпен аттанды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Lada-ға сілтеме жасап.
Бейнеу ауданының тұрғыны Раббым Борашев 26 шілдеде Францияда басталатын жазғы Олимпиада ойындарында велотурға қатысуды ниет еткен. Ол зейнет жасына дейін құрылыс саласында жұмыс істеген. Кейінгі жылдары бірнеше рет веложарыстарға қатысқан. Париж Олимпиадасына қатысу үшін ол жеті мемлекеттің жерін кесіп өтіп, 5000 шақырымды жолды еңсермек.
Раббым Борашев Олимпиадаға қатысуды бұрыннан армандаған.
«Олимпиадаға бару – арманым. Жас кезімде ешқандай мүмкіндік болмады. Қазір уақыты келді деп ойлаймын. Алдымен Ақтаудан Бакуге барамын. Онда ҚР Бас консулдығының өкілдері күтіп алып, мені Грузия шекарасына дейін шығарып салады. Бұл үлкен қолдау. Әрі қарай мен Батумиге кетемін. «Ұлы дала жорығы» жобасына қатысамын. Маусым айында Түркияға барамын. Жоспар бойынша Венгрия, Австрия, Германияны өтіп, Францияға жетуім керек», - деді ол.
Айта кетейік, Париж-2024 жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді.