Ал заңға бағынбай қарсылық танытқандар 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін қамалуда
Павлодарда медициналық маскасыз көшеде жүрген 65 тұрғынға айыппұл салынды. Бұл туралы облыстық полиция ақпарат таратты. Ал заңға бағынбай қарсылық танытқандар 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін қамауға алынуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі astanatv.kz-ке сілтеме жасап.
«Полицейлер түнгі сағат 11-де 28 жастағы екі тұрғынды ұстады. Олар карантин режимін елемей, қорғаныс құралынсыз көшеде жүрген. Заң бұзушыларға ҚР Әкімшілік кодексінің 476-бабы бойынша хаттама толтырылып, іс сотқа жолданды. Ал Тереңкөл ауданында маскасыз жүрген 2 ауыл тұрғынына сот шешімімен 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды», - дейді Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Жанна Біләлова.
Айта кетейік өңір дүйсенбіден бері карантинге жабылған. Осы аралықта 190-нан астам адам режимді бұзғаны анықталды. Олардың 39-ы қамауға алынса, 115-і айыппұл төлеуге міндеттелді.