Бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды
Алматыда қоғамдық көлікті тізгіндеген жүргізушіні ұрған жолаушы қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 11 сәуір күні таңғы 08:00 шамасында № 98-бағыттағы автобус жүргізушісі мен жолаушы арасында жанжал шықты.
«38 жастағы жолаушы қоғамдық тәртіпті бұзып, көлік жүргізушісіне дене жарақатын салған. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сараптама тағайындалды. Күдікті өзін қорғау үшін жұмысқа кешігіп бара жатқандықтан жүргізушіден тезірек жүруін сұрағанын айтты», - дейді Бостандық аудандық полиция басқармасының бастығы Дидар Аханов.