БҰҰ Газа секторындағы атысты тоқтатуға шақыратын қарарды қабылдады

Автор: Темірхан Айжан

Қарарды отырысқа қатысқан 15 елдің 14-і қолдады

Фото: Craig Ruttle/AP Photo/picture alliance

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Газа секторындағы атысты тоқтатуға шақырған қарарды қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy DW онлайн басылымына сілтеме жасап.

Қарарды отырысқа қатысқан 15 елдің 14-і қолдады, АҚШ қалыс қалды.

Осылайша, Кеңес мүшелері бірінші рет 2023 жылдың 7 қазанында ХАМАС содырлар тобының Израильге жасаған шабуылынан туындаған Газа секторындағы соғысты тоқтатып, екі тарапты бітімгершілікке шақырған қарарды мақұлдады.

Құжатты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелері – Алжир, Гайана, Мальта, Мозамбик, Сьерра-Леоне, Словения және Швейцария дайындаған.

Қарарда соғысушы тараптардың  «Рамазан айында атысты дереу тоқтатып, тұрақты бітімге келуі керек екені» жазылған. Сонымен қатар ол жерде Газа секторында кепілге алынған израильдіктерді дереу босату туралы айтылады.