БҚО-да екі аудандық маңызы бар тасжолды су басты

Автор: Azattyq Rýhy

Елді мекендерді су басу қаупі жоқ

Фото: БҚО ТЖД

Батыс Қазақстан облысы бойынша қалың қардың еруі нәтижесінде аудандық маңызы бар екі автожолды су басты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy облыстық ТЖД-ге сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, Ақжайық ауданы Құрайлысай ауылдық округі Әтібек қыстауы маңында аудандық маңызы бар «Жұбан-Сайқұдық» тасжолын су басты.

Оқиға орнында 3 су өткізгіш құбыр бар, 2023 жылы инженерлік жұмыстар жоспарына сәйкес, 1 су өткізгіш құбыр қосымша орнатылды. Елді мекендерге қауіп жоқ.

Зардап шеккендер жоқ. Аталған маңайда айналма жол бар.

Сонымен қатар Жәнібек ауданы, Жақсыбай ауылдық округіндегі «Жәнібек-Таловка-Кіші өзен» аудандық маңызы бар автожолдың 3 ойпатты учаскесін де су басты.

Елді мекендерді су басу қаупі сейілді. Зардап шеккендер жоқ.

Көлік қозғалысы тұрақты.

Аймақта жергілікті атқарушы органдардың, полиция департаменті және төтенше жағдайлар бөлімдерінің күштерімен кезекшілік ұйымдастырылды.