Түркістан облысында сейфтен 7 млн теңге ұрлаған күзетші ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол 90 000 теңгеге жуық ақшаны өз қажетіне жаратып үлгерген

Фото: izhevskinfo.ru

Түркістан облысы полицейлері сейфтен жеті миллионға жуық ақшаны ұрлаған тұрғынды ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Мақтаарал АПБ–не осы өңірдегі фирмалардың бірінде жұмыс жасайтын жергілікті тұрғын арызданады. Оның айтуынша, өзінің қызметтік бөлмесінде темір сейфке сақтап жүрген 7 млн теңгеге жуық жеке ақшасын белгісіз біреулер ұрлап кеткен. Ойда-жоқта жиған-тергенінен айрылып қалған жәбірленуші ер адам полицейлер көмегіне жүгінген.

«Аталған ұрлық фактісі ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркелді. Келіп түскен хабарлама бойынша Мақтаарал АПБ-нің жедел тергеу тобы оқиға орнына жетіп, арнайы топ құрылып сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Ұрлыққа күдікті тұлғаны анықтауға бағытталған барлық жұмыстар атқарылды. Аптаға жуық жедел-іздестіру іс-шаралары барысында, жинақталған ақпарат көздері арқылы полиция қызметкерлері күдіктінің жеке-басын анықтады. Ірі көлемді ақшаны жымқырған сол мекеменің күзетшісі болып шықты», - делінген облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Тергеу барысында анықталғандай, сейфтің есігі ашық қалғанын байқап қалған күзетшінің ойы бұзылып, жеңіл жолмен ақша табу мақсатында ішіндегі ақшаларын алып кетіп, үйіне апарып жасырған. 90 000 теңгеге жуық ақшасын өзінің қажеттілігіне жаратып үлгерген.

Тәртіп сақшылары күдікті азаматтың үйінен ұрланған ақшаны айғақты зат ретінде тәркілеп, заңды иесіне қайтарды. Қазіргі таңда тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.