Алматыдағы жер сілкінісі: Афтершок болуы мүмкін

Автор: Аманалина Тоғжан

Қаладағы мектептер мен колледждерде сабақ болмайды

Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев

Алматы қалалық ТЖД қалада жер сілкінісі қайталануы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінде арнайы штаб құрылды. Дәл қазіргі уақытта жер дүмпуінің қайталану қаупі әлі де сақталады. Афтершок. Бүкіл қала тұрғындары мен қонақтарын сабыр сақтап, жақын орналасқан халықты қабылдау пункіне баруларыңызды сұраймыз», — деді ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев.

Алматы әкімі Ерболат Досаев сағат 11:40-тан бастап шұғыл штабта жиналыс өткізіп, қосымша іс-шаралар жоспарын талқылап жатыр.

«Қаланың барлық тіршілікті қамтамасыз ету жүйесі қосылған. Қалалық полиция бөлімі штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Барлық мектеп мен балабақша ашық, жиналу пунктері жұмыс істеп тұр.

Жедел жәрдем қызметі мен барлық көпсалалы аурухана, соның ішінде мамандандырылған аурухана, балалар ауруханалары, перзентханалар жұмысы жақсартылған режимде ұйымдастырылған», - делінген әкімдік хабарламасында.

Айта кетсек, бүгін Алматыда сағат 11:22-де 5 балдық жер сілкінісі болды. Жер дүмпуі Алматы облысында және Жетісу облысында сезілген. Жер сілкінісінің эпицентрі Қазақстан аумағында Алматы қаласынан оңтүстікке қарай 31 км жерде орналасқан.

Алматы қаласы ТЖД жеке құрамы «Жиын» сигналы бойынша көтерілді. Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ және жер сілкінісінің салдары туралы мониторинг, ақпарат жинау жүргізілуде.

Алматы, Алматы облысы, Жетісу облыстарында жедел желі телефондары жұмыс істеуде. Сондай-ақ БАҚ-та қазақстандықтарға түскі 12-ден кейін ескертпе хабарламалар келе бастағанын жазды.

Сондай-ақ Алматыда мектептер мен колледждерде сабақ болмайды.

«4 наурыз күні Алматы қаласының мектептері мен колледждерінде 2-ауысымдағы сабақтар болмайды. Балабақшалардағы балаларды ата-аналар қалауы бойынша алып кетеді», - делінген Алматы қаласының Білім басқармасының хабарламасында.

Авторы: Айжан ТЕМІРХАН