Тұрғындарға су беру жұмыстары штаттық режимде жүргізіліп жатыр
Бүгін, 2 наурызда сағат 10:00-де Екібастұз-Майқайың су құбырындағы барлық ақау толығымен жойылды. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Telegram-дағы каналында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның мәліметінше, қазіргі уақытта резервуарлар сумен барынша толтырылып жатыр.
«Сондай-ақ, тұрғындарға су беру жұмыстары штаттық режимде жүргізіліп жатыр», - деп жазды өңір әкімі.
Майқайың ауылында құбыр жарылғаны туралы 2024 жылғы 21 ақпанда белгілі болды. Осыған байланысты жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды. Майқайың ауылының тұрғындары су тасып ішуге мәжбүр болды.