«2,9 млрд теңге залал келтірген»: Астанада жалған несие рәсімдеген ер адам ұсталды

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды

Фото ашық дереккөзден

Бас прокуратураның үйлестіруімен Астана қаласында аса ірі көлемде алаяқтық қылмысы бойынша күдікті М.К. Сүлейменов ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бұған дейін 30 қаңтарда Қызылорда қаласында оның тағы бір сыбайласы Р.Қ. Қаржауов анықталып, ұсталды. Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, К. Сүлейменов 2021-2022 жылдары бір топ адаммен азаматтарға жалған автокөлік несиесін рәсімдеген.

«Олардың алаяқтық әрекетінен 231 адамға 2,9 млрд теңге залал келтірілген. Тергеу барысында 2022 жылдың мамырында Сүлейменов тергеуден бой тасалап, оған іздеу жарияланған болатын. Қазіргі уақытта Сүлейменов Ақтау қаласына жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған тағылған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған», - деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.