Екібастұзда екінші сынып оқушысы кәріз құдығына құлап кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Дәрігерлердің айтуынша, баланың миы шайқалған және қатты тоңып қалған

Фото: Еkibasvteme

Екібастұзда екінші сынып оқушысы кәріз құдығына құлап кетті. Баланы жоғары сыныпта оқитын үш бала байқап қалып, шығарып алған. Ол құдық ішінде 3 сағаттай суға малшынып тұрып қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

VITA ерікті іздеу жасағының өкілдері хабарлағандай, екінші сыныпта оқитын ер бала бүгін үйінен 12:40-та шығып, жоғалып кеткен. Мұғалім баланың мектепке келмегенін айтып, дабыл қаққан соң еріктілер іздей бастайды.

«Біздің волонтерлер аулалар мен камераларды тексеріп, жолшыбай кездескен адамдардың бәрінен сұрап көрді. Алайда таба алмадық. Сөйтсек, ол жолда ашық тұрған кәріз құдығына құлап, бірнеше сағат тізеден келетін суда тұрған. Құдықтың тереңдігі шамамен 2 метрдей», деп хабарлады іздеушілер.

Ер баланың көмекке шақырған дауысын ешкім естімеген. Амалы құрыған соң жоғарыға қолындағы рюкзагын лақтырып жібереді. Рюкзакты №21 мектептің 8-сынып оқушылары Омар Сағындық, Нұрасыл Жаңажыл, Мансұр Ердәукеұлы байқап қалып, әбден жаураған баланы шығарып алған.

Өңірлік денсаулық сақтау басқармасынан хабарлағандай, кешкі сағат бестерде баланың үйінен жедел жәрдемге шақырту түскен. Дәрігерлер баланың миы шайқалған және қатты тоңып қалған деп отыр. Зардап шегушіні стационарға жатқызу жоспарлануда.