Астанада оқушы қызды бірнеше жасөспірім зорлаған

Автор: Azattyq Rýhy

Күдіктілер ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды

Фото: freepik.com

БАҚ-та Астанадағы мектептердің бірінде сегізінші сынып оқушысын бірнеше жасөспірімнің зорлағаны туралы ақпарат тарады. Астана полиция департаменті мен білім басқармасы бұған қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Мұны зорлық көрген оқушымен бір мектепте оқитын қыздың ата-анасы хабарлаған.

Оның айтуынша, оқушы қызды 11-сыныптың бірнеше оқушысы зорлаған. Оқиғаның мән-жайы әзірше белгісіз.

Астана полиция департаментінің баспасөз қызметі ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігі («Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер») бойынша тергеуді бастағанын хабарлады.

«Қажетті сараптамалар тағайындалды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер тергеу мүддесі үшін жария етілмейді», - деп хабарлады департамент.

Ал білім басқармасының баспасөз қызметі бұл іс бойынша тергеу жүріп жатқандықтан, ешқандай ақпарат бере алмайтынын мәлімдеді.

Сонымен қатар Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева аталған жағдайға қатысты түсініктеме берді,

«Күдіктілер ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қыздың анасымен байланыстамын. Қызбен психологтар жұмыс істеп жатыр», - деп жазды ол Instagram-дағы парақшасында.