Екі адам қаза тапты: ШҚО-да қайғылы жол апатына кінәлі жүргізуші сотталды

Автор: Мира Байбек

Үкім заңды күшіне енген жоқ

Фото: yk-news.kz

Шығыс Қазақстан облысында екі бірдей адам өлімімен аяқталған жол-көлік апатына кінәлі деп танылған жүргізушіге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

YK-news жазуынша, қайғылы оқиға өткен жазда Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары тасжолында болған.

«Өскемен қаласының №2 сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, ер адам 9 шілдеде Kia көлігімен Алтай қаласына бет алған. Ол тасжолдың 53-шақырымына жеткен қарсы қозғалысқа шығып кетіп, ВАЗ көлігімен соқтығысқан. Соның салдарынан ВАЗ жүргізушісі мен оның жолаушыларының бірі оқиға орнында көз жұмды. Оқиға кезінде екі көлікте болған тағы бірнеше адам әртүрлі ауырлықта жарақат алған», - делінген хабарламада.

Жүргізуші Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 7 жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.