ШҚО-да жол апатынан екі жолаушы қаза тапты

Автор: Azattyq Rýhy

Қайғылы оқиға 9 қаңтарда Саратовка кенті маңында болған

Фото: ШҚО ПД баспасөз қызметі

Шығыс Қазақстаноблысында екі автокөлік соқтығысып, соның салдарынан екі адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, қайғылы оқиға Өскемен – Семей тасжолының 23-шақырымында болған.

«9 қаңтарда сағат 15:25 шамасында Саратовка кенті маңында «Нива Шевроле» және «Тойота» маркалы екі көлік соқтығысқан. Апат салдарынан екі жолаушы алған дене жарақатынан оқиға орнында қайтыс болды», - делінген ПД хабарламасында.

Қазіргі кезде абайсызда бірнеше адамның өліміне әкеп соққан көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Оқиғаның барлық мән-жайлары анықталуда, тиісті сараптамалар тағайындалды.