Оқиғаның мән-жайын полиция тексеруде
Белгісіз ер адам кешке үйіне қайтып бара жатқан қызға шабуыл жасаған. Мектеп оқушысына кездейсоқ жақын маңда өтіп бара жатқан әйел көмектескен.
5 сынып оқушысына қатысты бұл жағдай Орал тұрғындарын біраз алаңдатып қойды, деп жазады Sputniknews.kz Мой город порталына сілтеме жасап.
Бұл жағдай WhatsApp-тағы ата-аналар чатында аудиожазба ретінде тарағаннан кейін жария болған.
Белгілі болғандай, оқушы қыз №44 мектепке жақын маңда тұрады. Кешкі сағат 6-лар шамасында мектептен үйіне қайтып бара жатқан қызға белгісіз ер адам тап берген. Қызды мойнынан қысып, жерге құлатып сүйретіп әкетпек болған. Осы кезде жан дауысы шыққан қыздың айқайын жақын маңнан өтіп бара жатқан әйел естіп қалып, көмекке келеді. Ол су алу үшін алып шыққан бөтелкесімен қаскүнемді ұра жөнеледі, сол мезетте ер адам қашып кеткен.
Қыздың бар есінде қалғаны ер адамның үстінде капюшоны бар сұр күртеше болыпты.
Үйіне келе сала оқушы қыз болған жәйтті анасына айтып береді. Мектеп әкімшілігі де 16 қазан күні мұндай жағдайдың болғанын растап отыр.
Құқық қорғаушылар шабуыл туралы арыздың түспегенін айтады. Алайда, тәртіп сақшылары оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісіп кетті.