Талғарда мас ер адам автобусты айдап кетіп, жол апатына ұшырады

Автор: Azattyq Rýhy

Қазіргі уақытта тергеу шаралары жүргізілуде

Бейнеден кадр

Талғар қаласында Рысқұлов пен Қонаев көшелерінің қиылысында ер адам автобусты ұрлап айдап кетіп, жол апатына ұшырады. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Бұл туралы Алматы облыстық ПД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Департаменттің мәліметінше, 25 желтоқсанда Талғар аудандық полиция басқармасына Талғар қаласындағы автобус аялдамаларының бірінде белгісіз адам қоғамдық көлікті ұрланғаны туралы ақпарат келіп түскен.

Аталған дерек ҚР ҚК 200-бабының 1-бөлігі бойынша аудандық полицияда тіркелді.

«Талғар ауданының полицейлері жедел іздетіру іс-шараларының нәтижесінде 40 жастағы күдіктіні ұстады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық жағдайларын толық, жан-жақты және объективті зерттеуді қамтамасыз ету мақсатында тергеу шаралары жүргізілуде», - делінген хабарламада.