Өрттің жалпы ауданы 1958 шаршы метрді құрады
Алматы облысының Есік қаласында алапат өрт болып, бірқатар сауда нүктелері жанып кетті. Бұл туралы Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2023 жылы 24 желтоқсанда сағат 03:35-те Алматы облысы ТЖД кезекші бөліміне Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласында Фрунзе және Алматы көшелерінің қиылысында алапат өрт болып жатқаны туралы хабарлама келіп түскен.
Өрт орнына дереу ТЖД күштері мен құралдары жіберілді.
«Оқиға орнына алғашқы болып жеткен өрт сөндіру бөлімшелері сағат 03:40-та «Пассаж» сауда үйінің павильондары, дүкендері мен шатыры отқа орану фактісін тіркеді. Сонымен қатар, жақын маңдағы бөлімшелердің күштері мен құралдары шақырту бойынша оқиға орнына тартылды. Өрттің үлкен аумаққа таралуының себебі - өрт туралы хабардың кеш берілуі. Қабылданған шаралардың арқасында сағат 06:20-да өрт оқшауланып, сағат 07:40-та толықтай жойылды. Өрттің жалпы ауданы 1958 шаршы метрді құрады», - делінген ТЖД хабарламасында.
Жақын маңдағы «Халифа» сауда үйіне, киім қоймасына және жиһаз дүкеніне оттың ұласуына жол берілмегені де нақтыланады. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.
Өрттің себебін анықтау үшін Алматы облысы ТЖД анықтау бөлімінің және сынақ өрт зертханасының бастықтары оқиға орнында болды.
«Өртті жоюға Алматы облысы ТЖД-ның 34 қызметкері мен 11 техникасы, жол патрульдік қызметінің 6 қызметкері, 3 техникасы және жедел медициналық жәрдем бригадасының 2 техникасы жұмылдырылды», - делінген хабарламада.