Ақмола полицейлері көлікте талмасы ұстап қалған азаматты құтқарды

Автор: Azattyq Rýhy

Дәрігерлер алғашқы медициналық көмек көрсете алуы үшін көліктің артқы есігінің әйнегін сындыруға тура келген

7 желтоқсанда сағат 14.20 шамасында Көкшетау қаласы полиция басқармасының кезекші бөліміне Мечта сауда үйінің аумағында автокөліктің ішінде жүргізушісі газды қатты басып отырғаны туралы ақпарат келіп түсті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Көкшетау қалалық ПБ патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторлары Александр Ефимов пен Темірлан Қалыш құрамындағы «Әскер-5» автопатрульі дереу көмекке шықты. Түскен ақпарат 5 минут өткеннен кейін, полиция қызметкерлері оқиға орнында болды. Инспекторлар салонында ес-түссіз күйде жүргізушісімен автокөлікті тауып, жедел жәрдем көлігін бірден шақырды. Автокөліктің есіктері жабық болған себеппен, бір секундқа да баяуламай, полиция қызметкерлері қолында болған затты пайдаланып, дәрігерлер алғашқы медициналық көмек көрсете алуы үшін көліктің артқы есігінің әйнегін сындырды. Жедел жәрдем дәрігерлері 34 жастағы ер адамға қажетті көмек көрсеткеннен кейін, полиция оның туыстарын анықтап, оқиға туралы хабарлады. Мамандардың айтуынша, алдын ала мәліметтер бойынша, жүргізуші эпилепсия талмасына ұшыраған.