Павлодар облысында жүкті болған оқушының оқиғасына қатысты тексеру жүріп жатыр – вице-министр
Еділ Оспан білім беру қызметкерлерінің кінәсі болса да, заңнамаға сәйкес қаралатынын айтты
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан Павлодар облысында негізсіз жауапқа тартылған мұғалімдерге түсінік берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Kazinform сайтына сілтеме жасап.
Айта кетейік, желтоқсан айының басында Павлодар облысындағы аудандардың бірінде сегізінші сыныптың оқушысы өгей әкесінен жүкті болғаны хабарланды.
Бұл жағдайды бірінші болып қыздың мұғалімдері байқап қалып, осы жайында анасын хабардар еткен. Оқушының өгей әкесі ұсталып, қамауға алынды. Кейіннен баланың өмірін дұрыс бақыламағаны үшін мұғалімдерге қатаң сөгіс түрінде жаза берілген. Яғни оқушының жүктілігі туралы жасырмаған педагогтер мен мектеп директоры негізсіз жазаланғаны анықталды. Жақында білім беру ұйымының қызметкерлеріне қатысты заңсыз салынған тәртіптік жазаның күші жойылғаны белгілі болды.
«Педагогтарды жазалау туралы шешім тым асығыс жасалды деп санаймыз. Алдымен мәселенің мән-жайын мұқият тексеріп алу керек еді. Сондықтан олар болған жағдайды тексеріп, содан кейін ғана шешім қабылдауы тиіс. Егер бұл жағдайда білім беру қызметкерінің кінәсі бар болса, онда заңнамаға сәйкес қаралуы қажет», - деді Е.Оспан Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, мұндай шешімді Павлодар облысының білім басқармасы шығарған.
Тілшілер вице-министрден «осы оқиғадан кейін мұғалімдер мұндай фактілерді хабарлаудан қорқуы мүмкін бе?» деп сұрады.
«Қорқуға болмайды. Қалай болғанда да, мұғалімдер қорықпайды деп ойлаймын. Білім беру басқармасы қызметкері жағынан заң талаптарын бұзу деректері болса, оны анықтаймыз. Қазір тексеру жүріп жатыр», - деді вице-министр.
Сонымен қатар, ол қылмысты анықтауға көмектескен ұстазды марапаттау мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді.
«Алдымен құзырлы мемлекеттік органдардың тексеруі аяқталғанын күтейік. Оның қорытындысы бойынша шешім жасалады», - деп нақтылады Еділ Оспан.