Солтүстік Қазақстан облысында қардың он күндік мөлшері жауды

Автор: Azattyq Rýhy

Жалпы қысқы уақытта қала жолдарын қардан тазалап, күтіп ұстауға жергілікті бюджеттен 600 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді

СҚО-да өңірдің коммуналдық қызметі жолдарды ақ ұлпадан тазалап үлгере алмай жатыр. Қазір бұл жұмыстарға 200 техника және 300-ге тарта адам жұмылдырылған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Хабар24 арнасына сілтеме жасап.

Қалың қардың салдарынан көшелерде көлік қозғалысы қиындап, жұрт діттеген жеріне уақытылы жете алмады. Десе де жергілікті тұрғындар, қалың қардың түскеніне риза.

Түні бойы жауған қар солтүстік қазақстандықтарды әбден әбігерге салды. Тіпті коммуналдық қызметтер де қазір күшейтілген жұмыс кестесіне көшті. Ал тұрғындар болса мекеме, аула маңын қардан аршып жатыр. Әкімдіктегі мамандардың айтуынша көшелер мен жаяу жүргіншілер жолдарын ақ ұлпадан тазалауға барлық күш жұмсалып жатыр. Аталған шаруларға 200 техника және 300-ге жуық адам жұмылдырылған.

«Қала бізде тоғыз маршрутқа бөлінген. Соған сәйкес жұмыстардың барлығы атқарылады. Бірінші кезекте бізде қала бойынша орталық көшелер, әлеуметтік нысандардың маңындағы қарлар шығарылады. Одан кейін кезек бойынша басқа көшелерден де шығарылатын болады», - деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.

 Жалпы өткен түнде шаhарда жауын –шашынның он күндік мөлшері жауды. Ал, екі күннен соң  аязды күндер басталады. 

«7 желтоқсанда суық солтүстік-батыс антициклонның енуімен ауа температурасы түнде 28-33 градус аязға дейін, күндіз 23-28 градус аязға дейін күрт төмендеуі күтіледі. Одан әрі түнде 30-35 облыстың солтүстігінде 39 градус аязға дейін төмендеуі күтілуде», - деді «Қазгидромет» РМК СҚО филиалының бөлім басшысы Гүлзәт Ғазизова.

Жалпы қысқы уақытта қала жолдарын қардан тазалап, күтіп ұстауға жергілікті бюджеттен 600 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді.