Қызылордада полиция қызметкеріне пышақ ала жүгірген тұрғын ұсталды
Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр
Қызылордада полиция қызметкеріне шабуыл жасаған жергілікті тұрғын ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Polisia мәліметінше, «Құқықтық тәртіп» операциясы барысында полицейлер күдікті көлікте тыйым салынған заттардың бар-жоғын тексергенде 21 жастағы жолаушы қалтасынан өсімдік заты салынған газет бумасын шығарып, жерге лақтырып жіберген.
«Ұстау кезінде жолаушы полицейлерге қарсылық көрсетіп, заңды талаптарын орындамай, жиналмалы пышақпен оларға қарай ұмтылған», - делінген хабарламада.
Осы дерек бойынша ҚР ҚК-нің 296-бабының 2-бөлігімен (Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) және ҚК-нің 380-бабының 3-бөлігімен (Билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Күдікті басқарманың уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Сараптамалар тағайындалды.