Еліміздің кәсіпорындарында қайтыс болғандар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,2%-ға көп
ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы – Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов ОКҚ-да биыл өндірісте қанша жұмысшы қаза тапқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Биылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 5 834 тексеру жүргізді, оның барысында 8 936 бұзушылық анықталды, оның ішінде: еңбек саласында – 6 600; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 2 094; халықты жұмыспен қамту бойынша – 242»,– деді Төлеген Оспанқұлов.
Ол сондай-ақ қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және өндірістік жарақаттануды азайту Үкімет пен Еңбекминінің негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
«Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жылда өндірісте зардап шеккендердің саны 6,5 %-ға (1 568 адамнан 1 465 адамға дейін), қаза тапқандар саны 8,4 %-ға (220 адамнан 203 адамға дейін) азайды. 2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша еліміздің кәсіпорындарында 1 119 адам зардап шекті, бұл былтырмен салыстырғанда 0,4 %-ға төмен (2022 жылы – 1 123 адам), оның ішінде 175 адам қаза тапты, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,2%-ға көп (2022 жылы – 156 адам). Жарақаттанудың жоғары деңгейі Қарағанды (133 адам зардап шекті), Шығыс Қазақстан (93 адам), Абай (95 адам), Павлодар (92 адам), Қостанай (75 адам) облыстарында және Алматы қаласында (74 адам) сақталып отыр», – деп толықтырды Төлеген Оспанқұлов.