СҚО-да 4,3 млрд теңгені заңсыз жұмсамақ болған шенеуніктер жазаланды

Автор: Мира Байбек

Прокуратура заң бұзу деректерінің алдын алды

Фото: gov.kz

Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары бюджеттік қаражатты жұмсау саласында талдау жүргізу барысында мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы жүйелі бұзу дерегін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Қалалық құрылыс бөлімінің лауазымды тұлғалары «Мемлекеттік сатып алу және сәулет, қала құрылысы саласы туралы» ҚР Заңдарын талаптарын бұза отыра сомасы 2,5 млрд теңгеге көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы бойынша мемлекеттік сатып алуларды жер учаскесіне құқықты анықтайтын құжаттарсыз жүргізген.

Басқа жағдайда, облыс әкімдігінің лауазымды тұлғалары ҚР Бюджеттік кодексінің талаптарына қарамастан ешқандай негізсіз ғимарат сатып алу үшін 1,1 млрд теңге көлемінде бюджет қаражатын бөлген», - делінген ведомство хабарламасында.

«Мемлекеттік сатып алулар туралы» Қазақстан Республикасының заңының талаптарын бұза отыра, осы бюджет қаражатына әлеуетті жеткізушілер үшін негізсіз шектеулермен ашық конкурс арқылы сатып алуды жүргізген.

«Қадағалау органының актілері бойынша жоғарыда аталған сатып алулар бұзылды, жергілікті атқарушы органдардың кінәлі лауазымды тұлғалары әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - деді прокуратура өкілдері.

Аталған салада жыл басынан бері қадағалау органының актілері бойынша жергілікті атқарушы органдардың 59 лауазымды тұлғасы әртүрлі жауапкершілікке тартылды, 19 мемлекеттік сатып алу бұзылды, ақырында сомасы 4,3 млрд теңге бюджет сомасын жұмсаудың алды алынды.

Бюджет қаражатын жұмсау мәселесі қадағалау органының бақылауына алынды.