Айкөркемнің өлімі: сот әскери қызметкерге үкім шығарды

Автор: Мира Байбек

Сот үкімін бұзу үшін прокурор апелляциялық өтініш хат келтіреді

Коллаж: Azattyq Ruhy

Алматы гарнизоны әскери сотының үкімімен Арман Жұман ақталып шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

ҚР Бас әскери прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлағандай, бұдан бұрын ол қаруды қолдан отырып билікті асыра пайдалана отырып кәмелетке толмаған тұлғаның өліміне және екі тұлғаға дене жарақатын келтіргені үшін сотқа берілген болатын.

«Сот жарыс сөзі барысында мемлекеттік айыптаушы Жұманды кінәлі деп танып оған 7 жыл бас бостандығын айыру жазасын тағайындауды сұраған. Сот үкімін бұзу үшін прокурор апелляциялық өтініш хат келтіреді», - делінген ведомство хабарламасында.

Еске салайық, қайғылы оқиға 2022 жылдың 7 қаңтарында кешкі сағат 19.00 шамасында кішкентай Айкөркем отбасымен бірге азық-түлік сатып алуға кетіп бара жатқанда болған еді. Алматы қаласының Сейфуллин-Сәтбаев қиылысында олардың көлігіне оқ жауған. Төрт жасар қыз басына оқ тиіп, оқиға орнында қаза болған, оның 15 жастағы әпкесі мен 18 жастағы ағасы жарақат алғанымен, аман қалды.