Қазақстандық блогер отырған көлік апатқа ұшырап, екі адам қаза тапты

Автор: Мира Байбек

Қазіргі кезде тиісті тергеу жұмысы жүріп жатыр

Фото: egov.press

Алматы облысы Жамбыл ауданында болған жол апатынан екі адам қаза тапты, тағы екі адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Полицияның мәліметінше, қайғылы жол-көлік апаты 12 қарашада Ұзынағаш – Күрті тасжолында болған.

«Mercedes көлігінің 20 жастағы жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кетіп, Toyota көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Соның салдарынан Mercedes көлігінің 2002 және 2003 жылдары туған екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Жүргізуші мен 15 жастағы жолаушы түрлі дене жарақатымен Жамбыл аудандық ауруханасына жатқызылды», - делінген облыстық ПД хабарламасында.

Аталған дерек аудандық полицияда ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша тіркеліп, жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайы тексеріліп, тиісті тергеу жұмысы жүріп жатыр.

Айта кетсек, әлеуметтік желіде жол апатына ұшыраған көлік «Саяхатшы Диас» деген атпен танымал блогер әрі тиктокерге тиесілі екені айтылды.