Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде
Оралда батут орталығында 9 жасар бала жарақат алды. Бұл туралы баланың анасы әлеуметтік желіде жариялаған. Аталған факт бойынша полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 29 қазан күні сағат 15.30-да «Sky Jamp» батут орталығында орын алған. Осында ойнап жүрген 9 жасар бала жарақат алып, ауруханаға жатқызылды.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 306-бабы 2-бөлігіне (қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Аталған бап бойынша айыпты деп танылған адам белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі жарақат алған баланың әкесімен бірге жедел жәрдем көлігімен сағат 17.10-да облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілгенін хабарлады.
«Сол күні шұғыл емдеу жасалған. 6 қараша күні сағат 12.00-де қанағаттанарлық күйде одан әрі амбулаторлық емдеу үшін үйіне шығарылды. Невролог, хируг және педиатрдың бақылауында болып, дене тәрбиесі сабағынан босатылады», - делінген хабарламада.