Қызылордада шенеуніктер жөнделген көшелерге тағы 1,7 млрд теңге қаржы бөлген

Прокуратура өкілдері негізсіз жұмсалуына жол берілмеді

Қызылордада шенеуніктер жөнделген көшелерге тағы 1,7 млрд теңге қаржы бөлген
Коллаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Қызылорда қаласының прокуратурасы мемлекеттік сатып алу саласында заңдылықтың сақталуына талдау жүргізді. Тексеру нәтижесінде бұрын-соңды орташа жөндеу жүргізілген көшелерге қаражат бөлінгені белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қалалық прокуратураның араласуынан кейін мемлекеттік сатып алудың күші жойылып, 1,7 млрд теңге бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол берілмеді.

Атап айтқанда, 2020 жылы Қызылорда қаласы Қызылжарма ауылдық округіндегі Батырбаев көшесіне 49 млн теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.

«Автомобиль жолдарының құрылымдық элементтерінің, оның ішінде салу, реконструкциялау, күрделі, орташа және ағымдағы жөндеуден кейінгі жол жағдайының жөндеуаралық мерзімдерін белгілеу жөніндегі ұсынымдар туралы» бұйрықтың 4.1. тармағына сәйкес автокөлік жолдарына күрделі жөндеуаралық мерзімі 6-9 жылды құрайды (Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының 21.12.2018ж. №131).

«Аталған талаптарға қарамастан, Қызылжарма ауылдық округінің әкімдігі биыл Батырбаев көшесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаражат бөліп, 653,9 млн теңгеге мемлекеттік сатып алу жариялаған», - делінген прокуратура хабарламасында.

Осыған ұқсас заңбұзушылықтар Әбенов, Досхожин және Сексенбаев көшелеріне күрделі жөндеуге 1 млрд теңге қаражат бөлу кезінде анықталды.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде жалпы сомасы 1,7 млрд теңгені құрайтын 4 сатып алу конкурсының күші жойылды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.