Талдықорғандық дәрігерлер жігіті пышақ жарақатын салған қыздың жағдайы туралы айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Қазір науқастың жағдайы орташа, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ

Фото ашық дереккөзден

Талдықорғандық дәрігерлер жігіті пышақ жарақатын салған қыздың жағдайы туралы айтты. Жетісу облыстық Денсаулық сақтау басқармасы Адина есімді қыздың 27 қазанда соққыға жығылып, мойын тұсынан жарақат алғанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Науқас жедел жәрдем бригадасымен Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасына жеткізілді. Аурухананың қабылдау бөлімінде алғашқы медициналық көмек көрсетілді, яғни мойынның кесілген жарасына, сол жақ білектің кесілген жарасына алғашқы хирургиялық зарасыздандыру жүргізілді. Науқас шок алғандықтан, ауруханаға жатудан бас тартты», - делінген басқарма таратқан хабарламада.

31 қазан күні бойжеткен мойын жарасы аймағындағы ауырсыну, бас ауруы, бетінің жансыздану сезіміне, мойынның ісінуі және жалпы әлсіздік шағымымен дәрігерлерге қайта жүгінген.

«Аурухана дәрігерлері науқасты шұғыл қабылдап, тексерді. Мойын тамырларының ультрадыбыстық доплерографиясы және мидың компьютерлік томографиясы жасалды. Медициналық тексерістерден кейін науқасқа келесі диагноздар қойылды: жарақаттан кейінгі париетальды, оң жақтағы ішкі мойын тамырының неокклюзиялық тромбозы, жабық бас миының жарақаты, мидың шайқалуы, терісінің жұмсақ тіндерінің көгеруі. Науқас шұғыл түрде хирургиялық бөлімге жатқызылды», - деп атап өтті ведомстводан.

Дәрігерлердің айтуынша, қазір науқастың жағдайы орташа, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Науқас дәрігерлердің бақылауында, емді ҚР ДСМ клиникалық хаттамасына сәйкес алып жатыр.

Бұған дейін Талдықорғанда ер адам сүйіктісін бауыздамақ болғаны туралы хабарлаған едік.